Түркістан халықаралық әуежайының FS7162 рейсіндегі оқиғаға қатысты ресми мәлімдемесі
FS7162 рейсіне отырғызу аймағында жолаушы мен әуежай қызметкері арасында оқиға орын алғанын хабарлаймыз. Оқиға барысында жолаушы белгіленген ережелерді бұзып, агрессивті әрекетке барып, қызметкерімізге күш қолданған.
Ішкі тексеріс нәтижесінде, бейнебақылау жазбаларын талдауды қоса алғанда, қызметкеріміздің өз лауазымдық міндеттері аясында қатаң әрекет еткені және ешбір ережені бұзбағаны расталды. Оның тарапынан кәсіби этикаға қайшы келетін іс-әрекет орын алған жоқ.
Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазба оқиғаның тек бір бөлігі ғана көрсетілгендіктен, толық жағдайды ашып көрсетпейді.
Түркістан халықаралық әуежайы әрдайым жолаушылармен жұмыс барысында қауіпсіздік, құрмет пен кәсібилік қағидаттарын ұстанады. Әуежайда және әуе кемесінде мінез-құлық ережелерін сақтау — әрбір жолаушының міндеті әрі қауіпсіз әрі жайлы сапардың кепілі екенін еске саламыз.